8Жаңалықтар

🔷 Түлектер қауымдастығы құрылып, алғашқы форумы өтті

🔹 11 желтоқсан күні И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің Түлектер қауымдастығының алғашқы форумы өтті. Кездесудің басты нәтижесі «Колледж түлектерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігін құру туралы шешім болды, оның мақсаты колледждің білім беру және іскерлік бастамаларын дамыту, колледждің имиджін көтеру болып табылады.


🔹 Аталмыш шарада 95 жыл тарихы бар Шежірелі білім ордасының қабырғасында білім алып, үлкен өмірде жетістікке жеткен, ел игілігі үшін қызмет атқарып жүрген түлектермен ашық сұхбат болды.


🔹 Колледж директоры Абайбек Жүнісов өз сөзінде: «И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің көптеген жылдар ішінде талай түлектерді жан-жақты дамыған тұлға ретінде тәрбиелеп, еліміздің дамуына өз үлесін қосқан бірегей оқу орны. Бүгінгі кездесу соның бірден-бір дәлелі, біз әрбір түлегімізді мақтан тұтатындығымызды жеткізгім келеді. Жыл сайын колледжден жүздеген жастар оқуларын аяқтап, үлкен өмірге қадам басып, колледжден алған білімдерін пайдаланып, өз саласының үздіктері атануда. Міне бүгін сол түлектермен жиналып, алдағы уақытта еліміздің дамуына айрықша ат салысатын Өздеріңіз сияқты бәсекеге қабілетті көшбасшы түлектердің жаңа буынын қалыптастыру жоспарын ақылдасқымыз келеді» деген ойын жеткізді. 


🔹 Кездесу барысында колледждің Түлектер қауымдастығының төрағасы болып «Гидротехникалық құрылыс» мамандығының 1982 жылғы түлегі, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Басқарма төрағасының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, техника ғылымдарының кандидаты Байманов Жанұзақ Нұрділдаұлы тағайындалды.


🔹 Кездесу барысында түлектер колледждің соңғы кезде болып жатқан оң өзгерістерді атап, мүмкіндіктерінше жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.