11Жаңалықтар

⚜️«НАУРЫЗ МЕРЕКЕМ – ⚜️ НАУРЫЗ БЕРЕКЕМ»

Наурыз мейрамы – халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптейтін, көктем мен жаңа күннің мерекесі. Осыған орай, колледжімізде «Наурыз мерекем – Наурыз берекем» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шара халқымыздың мәдениетін, өнерін, тарихи мұраларын, қолөнері мен тағамдарын таныстыруға бағытталды.
Наурыз мерекесі аясында ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарымыз кеңінен насихатталды. Киіз үйлер тігіліп, қонақтарға дәстүрлі ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің туындылары, ұлттық киім үлгілері, тұрмыстық бұйымдар көрмеге қойылып, қазақ халқының рухани мұралары таныстырылды.
Мерекелік іс-шаралар барысында ұлттық ойындар мен жарыстар ұйымдастырылып, театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламалар өтті. Атап айтқанда, «Қарақат» мектеп студиясы өнерпаздарының орындауында Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай», «Сарыарқа» күйлері көрермен назарына ұсынылды.
Мерекелік шараның ашылуында колледжіміздің басшысы, техника ғылымдарының кандидаты Жүнісов Абайбек Талғатұлы құттықтау сөз сөйледі.
Сонымен қатар, колледжіміздің 95 жылдық мерейтойына байланысты арнайылап құттықтап келген колледж ардагерлері,  және 2019–2021 жылдар аралығында басқарған Құттықожаев Ибадулла Дүйсенбайұлы, 2021–2024 жылдар аралығында басқарған Абдикаримов Бахытхан Жүнайдұлы ұжымға ақжарма тілектерін арнады.
Мерекелік бағдарлама аясында:
Колледж оқытушылар құрамы салт дәстүрлерімізді  насихаттау мақсатында -  Қыз ұзату салты, Беташар рәсімі, Бесікке салу дәстүрі ,Тұсаукесер рәсімідерінен көрініс қойды. 
Ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылды, оның ішінде арқан тарту, қол күресі, гір тасын көтеру  және ләңгі тебу сияқты ұлттық жарыстар өткізілді. Барлық жеңімпаздар арнайы дипломдар мен сыйлықтармен марапатталды. 
Мереке аясында ұйымдастырылған көрмеге, үздік деп танылған ұлттық нақыштағы көрмелер арнайы номинациялармен қорытындыланды.
Биылғы Наурыз мейрамы қасиетті Рамазан айымен қатар келгендіктен, мереке аясында ауызашар ұйымдастырылып, жиналған қауымға арнайы ас берілді.
Наурыз – халқымыздың мәдениеті мен рухани байлығын дәріптейтін ұлық мейрам. Осындай іс-шаралар арқылы ұлттық дәстүрлерімізді сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – біздің ортақ міндетіміз.
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ақ мол болсын! Береке мен бірлік әр шаңырақтан табылсын!
Ұйымдастырушылар: «Көлік және коммуникациялар мамандықтары» бөлімшесі.