ЖҰМЫСШЫ КАДРЛАРДЫ ДАЯРЛАУДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР - ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМДА ТАЛҚЫЛАНДЫ
ЖҰМЫСШЫ КАДРЛАРДЫ ДАЯРЛАУДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР - ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМДА ТАЛҚЫЛАНДЫ
15 мамыр күні Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінде Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің туған күніне орай облыстық деңгейдегі маңызды форум өтті. Іс-шарада жұмысшы кадрларды даярлаудағы өзекті мәселелер кеңінен қаралды.
Форум тарихи тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Қатысушылар Исатай Әбдікәрімовтің өнегелі өмір жолына тағзым етіп, оның ел дамуына қосқан зор үлесін ерекше ілтипатпен еске алды. Колледж студенті Құдайберген Тұрсынбайдың «Жақсының аты өлмейді» атты арнауы форумға рухани серпін берді.
Іс-шара аясында «Жұмысшы және орта буын» мамандықтарына арналған көрмемен танысу, «Жас маман» жобасы аясындағы оқу-өндірістік зертханалармен танысу және пленарлық мәжілісте өзекті баяндамалар тыңдалды.
Пленарлық бөлімде колледж директоры Жүнісов Абайбек Талғатұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген еңбек пен кәсібилік мәселелеріне тоқталды.
Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов өңірлік деңгейде жұмысшы мамандықтарды дамытуға бағытталған бағдарламалармен бөлісті.
Сонымен қатар, олыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхамед Сыздық дуалды оқытудағы жұмыс берушілердің рөліне тоқталды. «Хадия» ЖШС директоры, колледж түлегі Мағжан Омарұлы еңбек нарығындағы сұраныстар туралы баяндамаларын оқыды.
Арнайы пән оқытушысы Асхат Құлманов пен табысты студент Назаров Әділет өндірістік оқытудағы тәжірибемен бөлісті. Форум аясында колледждер мен жұмыс беруші кәсіпорындар арасында бірқатар ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды. Бұл қадам кадр даярлау ісіндегі теория мен практиканы ұштастыруға серпін береді. Форум қатысушылары еңбек нарығына қажетті білікті кадрлар даярлау жолында білім беру ұйымдары мен өндіріс орындарының әріптестігі ары қарай да жалғасын табатынына сенім білдірді.