2Жаңалықтар

«Мақсатым — тіл ұстартып, өнер шашпақ...»



Исатай Әбдікәрімов атындағы   Қызылорда  политехникалық  жоғары колледжінде  5-12 қыркүйек аралығында өтіп жатырған «Тіл мәртебесі-ел мәртебесі» апталығы аясында ЛЭП-25о оқу тобында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен   «Ұлттық руханиятымыздың өзегі –тіл.Әдеби тіл,Абайдың он жетінші қарасөзі» тақырыбында кіріктірілген  ашық сабақ өтті. Пән оқытушылары- М.Б.Қарақұл,А.Ө.Ерғалиева. Сабақ Абайдың өмірлік ұстанымын ұрпаққа жолдаған бір ауыз сөзі «Мақсатым — тіл ұстартып, өнер шашпақ...» өлеңімен бастау алды. 

 Бұл сабақ — жай ғана білім беру процесі емес, ұлттық рух пен руханиятқа терең бойлаған тағылымды  дәріс болды. Ұлтымыздың асыл мұраларына айналған — Абайдың қарасөздері мен Алаш зиялыларының ұлт алдындағы ұлы қызметі сабақ өзегіне айналды.

 Сабақтың басында ерекше сахналық көрініс өтті: Абайдың анасы Ұлжан мен Ахмет Байтұрсынұлының жары Бәдрисафа бейнесіндегі сырласу сәті студенттердің жүрегіне жол тауып, сөздің аманат екенін терең сезіндірді.

 Жастар  «Сөз аманаты» арқылы ұлттық жауапкершілік сезінді. Абайдың 17-қарасөзіндегі «Ақыл, Қайрат, Жүрек» үшеуінің таласын талдап, Ғылымның төрелігіне көз жеткізді. Алаш арыстарының тілді сақтау жолындағы еңбектерін зерделеді.

 Бұл сабақ — заманауи цифрлық құралдар мен рухани-мәдени мазмұнды ұштастыра отырып, шығармашылық, сыни ойлау, кәсіби құндылықтар қалыптастыруға бағытталған үлгілі сабақ болды.

  «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет аманатын арқау еткен бүгінгі сабақ — ұлттың келешегі – тілдің келешегімен тікелей байланысты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 Сөз, өнер, ғылым, рух – барлығы тоғысқан бұл сабақтың жастар жүрегінде қалатыны анық!