Еңбек күні – 2025

Бүгін Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінде ерекше тағылымға толы кеш өтті.
Еңбек күніне орай «Кен орындарын игеру және сандық технологиялар» бөлімшесінің «Геологиялық барлау және газбен қамтамасыз ету» арнайы пәндер циклі оқытушы қызметкерлерімен бірге «Ардагер – Мұнайшы» қоғамдық қорының бірлесуімен ұйымдастырылған бұл шара «Мұнайшы ардагерлер – тәжірибеден өнеге, еңбектен мұра» деп аталды.
Кештің басты мақсаты – мұнай-газ саласында тер төгіп, ел дамуына зор үлес қосқан ардагерлердің өмір жолын жастарға үлгі ету, олардың кәсіби тәжірибесін дәріптеу, студенттерге еңбекке құрмет пен ынта қалыптастыру.
Ардагерлер студенттермен ашық сұхбат құрып, өндірістегі қызығы мен қиындығы мол еңбек жолымен бөлісті. Нағыз мұнайшы болудың қыр-сыры, табандылық пен адал еңбектің қадірі жайлы әсерлі әңгімелер айтылды. Студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мол мағлұмат пен мотивация алды.
Кештің шырайын аша түскен тағы бір сәт – ардагерлерге арналып шырқалған әсем әндер болды. Ән мен күй кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің мәнін айшықтай түсті.
Мұндай тағылымды кездесулер – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жас мамандардың кәсіби дамуына үлкен серпін береді.
Кеш соңында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, сыйлықтар табыс етілді.
Еңбегімен елге қызмет еткен мұнайшы ардагерлерімізге шексіз алғыс білдіреміз!
Ардагерге құрмет – өскелең ұрпақтың парызы.