0Жаңалықтар

«ТАРИХТА АЙҚЫН ТАҢБАСЫ, ІРГЕЛІ БІЛІМ ОРДАСЫ»


Бүгін Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі өзінің 95 жылдық мерейлі мерекесін жоғары деңгейде атап өтуді бастады. Бұл — ұрпақтар сабақтастығының, еңбектің, білім мен парасаттың салтанаты!
Кештің шымылдығы әсерлі прологпен ашылып, колледж тарихынан сыр шерткен бейнеролик көрсетілді. Көрермен жүрегін толқытқан бейнелерден оқу орнының алғашқы қадамдары, ұстаздардың ерен еңбегі мен бүгінгі жарқын келбеті айқын көрінді. Ардагер ұстаздар мен түлектер, әлеуметтік серіктестер мен қадірлі қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, ұжымға жүрекжарды тілектерін арнады.
Мерекелік кеш барысында ардагер ұстаздар мен қызметкерлер  Колледж  төсбелгісімен және Алғыс хаттармен марапатталып, еңбектің қадірі мен ұстаздық жолдың қасиеті тағы бір мәрте айқындалды.
Кештің көркемдік өрнегін ән мен би айшықтай түсті.
Колледж студенттерінен құралған трио орындаған «Мен қазақтың баласы» әні білім мен рухтың, елге деген сүйіспеншіліктің символына айналды. «Тау ішінде» әні нәзік те сыршыл сезім сыйлап, ұстаздар еңбегіне деген ризашылықты паш етсе,  «Нұргүл» халықтық ән-би ансамблінің «Шашу» биі сахнаны қазақы сән мен ұлттық рухқа бөледі. Бұл би — дәстүр мен қуаныштың, бірлік пен берекенің көрінісі болды.
Жас өнерпаздар орындаған «Қырманға кел, қалқатай» әні мерекеге еңбек пен жастықтың шат көңілін қосты. Кеш соңында колледж оқытушыларының жүректен шырқалған «Атамекен» әні туған жер мен ұжымға деген шексіз сүйіспеншілікті білдіріп, көрермендердің көңілін толқытты.
Мерейтой — өткенге тағзым, бүгінге құрмет, болашаққа сенім болып өрілді.
95 жыл — бұл жай ғана сан емес, бұл — бір ғасырлық дәуірдің, талай ұстаз бен шәкірттің, еңбек пен арманның тарихы.
Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі – еліміздің дамуына мыңдаған білікті маман тәрбиелеп қосқан, уақыт сынынан сүрінбей өткен іргелі оқу ордасы.