“Үзілген үміт” сахналық қойылымы. Абай Құнанбайұлы - 180 жыл!


     

    Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай колледж білім алушыларынан құралған “Жастар” театры көрерменге әсерлі қойылымын ұсынды.

⠀     Сахнаның шымылдығы қазақ руханиятына арқау болған ұлы ақынның қайғы мен үмітке толы тағдырын бейнеледі. “Үзілген үміт” деп аталған қойылымда Абайдың арман-тілегі, ел болашағына деген сенімі, ұлы Әбіштен күткен үміті мен оның қазасынан туған қайғысы көркем түрде жеткізілді.

⠀   Сахнада — түнгі дала, айдың жұмсақ сәулесі, жастардың сыңғырлаған әні. Әуелеген “Желсіз түнде жарық ай” әуені жүректерді тербетіп, көрерменді ойға жетеледі. Жастардың ұлттық нақыштағы киімдері, үйлесімді қимылдары сахналық көріністің әсерін тереңдете түсті.

        Қойылымның ең ауыр сәті – Кәкітайдың Абайға суық хабар жеткізуі. Қойылым соңында Абайдың домбырамен “Қараңғы түнде тау қалғып” әнін орындауы – өмірдің өткіншілігі мен үміттің мәңгілігін паш етті. Жастар да осы мұңды үнге қосылып, сахнаны қасірет пен сағынышқа бөледі.

        Бұл кеш – ұлы ойшылдың мұрасын қайта жаңғыртып қана қоймай, жастардың жүрегіне адамгершілік пен ұлт рухын сіңірген тағылымды өнер туындысы болды.